fffffff

Выбор языка

Мы в социальных сетях:

Республика жаңалықтары

01 Желтоқсан 2021 07:00
Тұңғыш президент күні: Елбасының 10 басты шешімі

Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.Елбасының басшылығымен Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыра білді. Қабылданған шаралар айқын нәтижелер берді және азаматтардың әл-ауқатын арттырды. Бейбіт даму ісіне елеулі үлес қосып, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша саралы саясатымен ерекшеленетін әлем деңгейіндегі санаулы көрнекті қайраткерлердің ішіндегі Елбасының дипломатиялық ұстанымдарының орны ерекше.

Семей сынақ полигонын жабу

Ядролық қаруды таратпауға күш-жігер жұмсау Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Назарбаевтың қазақ халқының игілігіне қабылдаған Ядролық қарусыз әлем туралы шешімі оның барлық шешімдерінің басында тұр. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау туралы бастамасымен Назарбаев тарихта қалады. 1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылды. Біздің халқымыздың қалауымен Қазақстан аумағында ядролық сынақ полигонын жабу туралы актінің зор өркениеттік мәні бар. Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация түсініксіз ұғым емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең. Ядролық радиация даланы, өзен-көлдерді улады, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойды Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған бір жарым миллионнан астам қазақстандықтың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарына зиянын тигізді.


Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бойынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орында, ал ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінен кейін Семей халқының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы қалыпқа түсті. Бұған дейінгі Семей сынақтарында бейкүнә адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған, 1963 жылдардағы аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.

Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемдік аренада мемлекеттің тұрақты, қарқынды әрі табысты даму моделінің генераторы ретінде зор құрметке ие болды. Ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелік халықаралық шарттарға қосылып, өзінің ядролық қарусыз мәртебесін заңды түрде бекіте түсті. Ядролық қарусыздану саласының мойындалған көшбасшысына, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының белсенді модераторына айналды. Бұған қоса, қазіргі әлемдегі жаһанды және өңірлік проблемаларды шешуге де өзінің зор үлесін қосып келеді. Айта кетерлігі, еліміз ядролық мәртебесінен бас тартқанымен ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін қоса алғанда, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атанды.

Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болу

Тәуелсіздігін алған жылдары Алаш жұрты төрткүл дүниеге аты мәшһүр болмаса да, алыс-жақын мемлекеттермен саяси-ынтымақтастықта, тату әрі бауырластықта қарым-қатынас ұстайтынын алғашқы күндерден бастап байқатты. Әсіресе, Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болуы айрықша есте қаларлық датаға айналды. Қазақ елі егемендігін алғаннан кейін шамамен төрт айдан соң 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясы Қазақстанды мүше етіп қабылдаған болатын. 1992 жылдан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді.


Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуы

Этносаралық және дінаралық қатынастарды, толеранттылық пен келісімді үйлестіру – осының бәрі Қазақстанның ішкі саясатының негізі және басты бағыттарының бірі. 1992 жылы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың ұлтына, тіліне, дініне немесе әлеуметтік топтарға мүшелігіне қарамастан, құқығы мен бостандының теңдігін қамтамасыз ету. Елбасы ішкі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін қолайлы халықаралық жағдайларды туғызуға ерекше мән берді. Қазақстан теңдестірілген көпвекторлы саясат жүргізеді. Оның мәні барлық елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты орнату және дамыту болып саналады.Мұндай саясат Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, ЕО-мен, Ислам әлемінің елдерімен стратегиялық және кеңейтілген серіктестік орнатуға және әлемнің барлық елімен достық қатынастар орнатуға көмектесті. Араға үш салып, нақты айтқанда, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы жарық көрді.

Сол уақыттан бері Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетін беделді органға айналып үлгерді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп келеді. Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналды. Ширек ғасыр ішінде азаматтық қоғамның іргелі институтына айналған орган бүгінде ел дамуында басымдық берілген түрлі бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың осынау үлгісі ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елшіліктеріне таратылған. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев құрған этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел брендіне айналып отыр.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы жемісті бастамаларының бірі Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру деуге болады. Көп адам мұның саяси салмағын бағамдай бермейді. 1990-1991 жылдары Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, бұрын одақтас саналып келген елдер біртіндеп тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекетке айнала бастады. 


Жетпіс жылға жуық экономикасы, мәдениеті, саяси өмірі, коммуникациясы т.б. маңызды салалары өзара тығыз байланысты болған елдердің жеке-жеке елге айналуы алдағы уақыттағы қарым-қатынастарына, дамуына едәуір кедергілер келтіріп, қақтығыс қаупін туғызған болатын. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Белоруссияның Беловеж орманында Ресей атынан Борис Ельцин, Белорусь атынан Станислав Шушкевич Украина атынан Леонид Кравчук Кеңес Одағын құрған елдердің өкілдері ретінде КСРО-ның ыдырағаны және тәуелсіз елдердің жаңа одағы құрылғаны туралы келісімшартқа қол қойды. Осы басқосудан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен КСРО құрамында болған барлық ел басшылары 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыға жиналып, толыққанды ТМД ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды.

Түркі тектес елдердің интеграциясы

Қазақстан түркі халқының тарихи қарашаңырағы саналады. Бұл ретте, Қазақстанның түркі тектес елдердің басын қосатын маңызды бастамалардың ұйытқысы да болуда. Бұған еліміз бастамашы саналатын немесе белсенді ұйымдастырушы болған Түркі кеңесі, Халықаралық түркі академиясы, Түрксой, ТүркПА, Түрік мәдениеті мен мирасы қоры сияқты халықаралық құрылымдарды мысал ретінде атап өтуге болады. Аталған ұйымдардың бәрінде дерлік Қазақстан белсенді орны бар. Сондай-ақ, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу, Халықаралық Түркі академиясының аясында ортақ түркі тарихы оқулығын әзірлеп, оқыту, ортақ ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, мәдени-тарихи салаларда ынтымақтастықты нығайту, Түркі әлемі ақсақалдар кеңесін құру, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аясында білім беру саласындағы ықпалдастықты арттыру сынды бастамалар түркі әлемінің интеграциясын, өткенді түгендеп, келешекке байыппен қадам басуды мақсат етеді. Қазақстанның маңызды интеграциялық бастамалары, осы жолда атқарған белсенді қызметі ескеріліп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің құрметті ақсақалы» мәртебелі атағы берілді.

«Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарлары

1997 жылы Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарын қазақ халқына жолдаған еді. Ондағы басым бағыттар: экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, реформаларды аяқтау, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, «Қазақстан барысын» қалыптастыру.

ҚР Тәуелсіздігіне 21 жыл толуына орай, ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Сол кезде ол «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарының орындалуына тоқталып, «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы әрі жалғасы екенін айтты. Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында отыруы тиістігін айтты. Дамушы елдер арасында бәсекелестік қатал болмақ. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы «күн астындағы орын» тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиістігін атап өтті.

«Болашақ» бағдарламасы

Ел егемендігін алған алғашқы жылдары Қазақстан білікті кадрларды дайындау жұмыстарын қолға алды. Осылайша 1993 жылы 5 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашақ» Халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулы шығарады. Бұл бағдарлама қазақстандық жастарға әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға мүмкіндік ашты. «Болашақ» стипендиясымен білім алған түлектердің мансаптық жолында табысты өсуі мен кәсіби тұрғыдан жетілуіне көп септігін тигізді. Ал 1997 жылы 3 наурызындағы №3375 Жарлығымен бекітілген бағдарлама ережесіне бірнеше өзгерістер енгізілді. 


Олардың бастысы шет елде оқуын аяқтап келген түлектер еліміздің мемлекеттік органдарында және ұйымдарына жұмысқа орналастыру көзделді. Жалпы 1994-1997 жылдар аралығында стипендия көбінесе еліміздің жоғары оқу орындарының экономикалық және гумантитарлық факультеттерін бітірген түлектерге тағайындалды. Ал техникалық факультеттерден бағдарлама қатысушылар аз болған. Миллиондаған жастарға қанат бітірген бұл бағдарлама іске асырылған алғашқы жылдары стипендия иегерлері АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция сынды тек төрт елде ғана білім алған. Кейінгі жылдары Қазақстанның шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың дамуына қатысты оқу елдері біртіндеп көбейе бастаған.

Алғашқы онжылдықта яғни, 1994-2004 жылдары әлемнің 13 елінде білім алу үшін 780 стипендия тағайындалыпты. Ал келесі жылы Н.Назарбав өзінің Жолдауында жыл сайын 3000 қазақстандыққа әлемнің ең озық әрі жетекші оқу орындарында білім алу мүмкіндігін беру қажеттілігі туралы жариялаған болатын. Жалпы бұл бағдарлама әлемнің оқу орындарында магистратура мен докторантура бойынша білім алуды және ғылыми-өндірістік тәжірибелерден өтуді қамтиды.

Елбасы және елорда

1997 жылы 20 қазанындағы Елбасының жарлығымен Сарыарқаның сайын даласында сәулеті мен дәулеті келіскен жаңа Елорда бой көтерді. Жарлық Міне содан бері арада қаншма жылдар өтті. Еліміздің астанасы тек аты ғана емес, заты да адам танымастай өзгерді. Өйткені бас қала – толассыз даму, өзгеріс үстінде. Мұндай жаңа бастамалардың ұйытқысы да, дем берушісі де, сәулетшісі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кеткен жөн.

Қысқа ғана уақытта жас қала байтақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің қуатты локомотиві рөлін атқарып, халықтың қолайлы мекеніне айналып үлгерді. Бас қалада бой көтерген «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр» -ойын-сауық және сауда-саттық орталығы, «Ақорда» резиденциясы, «Нұрсая» тұрғын үй кешені, «Изумрудный квартал» кешені, «Тәуелсіздік Сарайы» және тағы басқа ғимараттарға қазақстандықтармен қоса, шетелдік меймандардың өздері таңдай қағып жатады. Ең бастысы елорданың төрінде орналасқан «Бәйтерек» монументі жас қаламыздың басты символына, бойтұмарына айналды. Елорда республиканың бүкіл өңірін өркендететін якорьға айналды. Сонымен қоса, барша қазақстандықтарды бірлікке, ынтымаққа жетелейтін ұлттық идеяға ұласты.

Елбасының мәдени бастамалары: «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру»

Қазақ жерінде 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері бірлікте өмір сүріп жатыр. Қазіргі заманда діннің қоғамдағы маңызы жыл сайын арта түсуде. Осыны түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу бастамасын көтерді. Сол бастамасынан бері Қазақстанда 6 рет дін съездері өтті. Алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтіп, оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысқаны белгілі. Елбасының мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жолындағы ерен еңбегі ескерусіз қалмақ емес.

2004 жылы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» атты стратегиялық бағдарламасы жасалды. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. Бағдарламада төрт бағыт бар: ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; археологиялық зерттеулер; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстар; ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру, кеңейтілген бейне және жұмыс қатарларын құру. Әр бағыт бойынша жылдар бойы ауқымды істер атқарылды.

2017 жылы 12 сәуірде Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Бағдарлама аясында мемлекеттік тілді латын тіліне көшіру туралы жоба жасалды. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары аясында республикалық деңгейдегі шаралар өтті. Бұл шаралардың пайдасы - қазақ халқының руханиятын жаңғыртуға, төл тарихы мен мәдениетін сақтауға, ана тілін қастерлеуге, ұлттық идеологияны қалыптастыруға, ұлттық кодты сақтауға септігін тигізу.

ЭКСПО-2017 көрме кешені

2017 жылғы 9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында баламалы энергия көздері мен «жасыл» технологияларға арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін өтті. Айтулы оқиға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бірегей бастамасы. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. 

Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Нұр-Сұлтан жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. Ал сол жылдың 22 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы жасырын дауыс беру арқылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орны ретінде таңдалды. Халықаралық көрмелер бюросы мүшелері - 161 мемлекеттің 103-і Қазақстанның өтінімін қолдады.


«ЕХРО-2017. Болашақтың энергиясы» көрмесі ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны тартуға, сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді деген болжам толық ақталды. Қазақстандағы энергия саясаты энергияны үнемдеуге және тиімді жұмсауға бағытталған. Энергия үнемдейтін технологияларды енгізу энергия қауіпсіздігін сақтаудың негізгі шартына айналды. «ЭКСПО-2017» жобасының тиімділігін сапа бағасы мен қоғамдық-саяси маңызы растай түсті. Отандық компанияларды қолдаудың арқасында ішкі саясат жақсарып, жұмыс орындары кеңейді, халықты ағарту жұмысы гүлденіп, туризм саласы мен халықаралық алаңдағы мемлекет беделі артты. Бұл жетістіктер Елбасының көрегендігі мен парасаттылығын тағы бір дәйектеді.

Опрос

Архив

Цель Вашего посещения библиотеки?

Мероприятия

Архив

Анонс








г. Сатпаев
пр.Независимости,32

Телефоны

8 (71063) 71780, 71782